Өзбекстан мамыр айынан бастап, транзиттік билеті бар жолаушыларға 72 сағатқа қысқа мерзімді виза беру режимін енгізеді. Яғни шетелдік азаматтар осы уақыт аралығында Өзбекстандағы керемет жерлерді аралап шығуға мүмкіндік алады. Оған қоса екі ел бірлесіп, «Астана -Шымкент-Жібек жолы» туристік жобасын жүзеге асырмақшы. Бұл бауырлас елдер арасындағы барыс-келісті одан әрі жақсартады. Дипломаттар осылай дейді, 24.kz хабарлайды.
Қанат Жүнісбеков,тілші: – Өзбекстан Республикасы ақпан айынан бастап, тағы да 7 бірдей ірі мемлекетпен арадағы визалық режимді алып тастады. Бұл тізімде Израиль, Индонезия, Малайзия, Жапония мен Корея және Түркия мемлекеті бар. Яғни осы елдің азаматтары ендігі жерде маржандар қаласындағы кереметтерді 30 күн бойы емін-еркін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл туризмді дамытуға негіз болады екен.
Бұдан бөлек Армения, Әзербайжан және Ресей сияқты тағы тоғыз мемлекетпен арадағы визалық режим 60 күнге ұзартылған. Оған қоса зияратшылар көптеп келетін үш мемлекетпен барыс-келіс жеңілдетілген. Өзбекстан қай салада болса да шетелдік инвесторларды қабылдауға дайын. Әсіресе қазақтың қалталы азаматтарына көбірек иек артады. Өйткені көршілес ел мамандары олардың тәжірибесіне назар аударған. Шығыстықтар негізінен туризм саласын ел экономикасының қозғаушы күшіне айналдырмақшы. Тіпті шекарадағы буферлік аймақтарды тиімді пайдалану жағын да қарастырып отыр.
Азиз Абдухакимов, Өзбекстан Республикасының туризмді дамыту мемлекеттік комитетінің төрағасы: – Шекараға автобус он минутқа аялдайтын болса соның өзі жетеді. Біз ол жерлерді тиімді пайдалануымыз керек. Түрлі кәдесый мен тамақтанатын және сауда орындарын салған жөн. Бұл Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдері үшін де тиімді деп ойлаймын. Өйткені шекара асқан шетел азаматтары қалтасындағы қаржысын сол елдің аумағында қалдырып кетіп жатса қорға қосымша қаржы құйылады. Оған қоса бір жағында Қазақстан екінші жағында Өзбекстан деген жазуы бар жерде селфиге түсу туристер үшін қызық.
Өзбекстанда жалпы 7 мың 300-ден астам мәдени және тарихи нысандар бар. Шығыстың маржандары Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Хиуа және Шарисабз қалаларында көбірек сақталған. Осы аймақтарды дамыту бағдарламасы да жасалыпты. Туристік ұйымдардың әлеуетін арттыру мен қонақүйлерді әлемдік стандарттарға сәйкестендіру жағы да қолға алынған. Бір сөзбен айтқанда бұған дейін керегесі қымтаулы тұрған үйдің іргесі түрілді.
Юлдуз Рахманова, туристік компания менеджері: – Визасыз режим бізге не береді дейтін болсақ, туристер Өзбекстанды толық көреді. Біріншіден, тіркелудің қажеті жоқ. Ташкентке ұшып келіп Самарқанд, Бұқара қалаларына бір күндік сапармен баруға болады. Сол жерлерде біздің қонақжай халықтың дәстүрімен жақынырақ танысады. Әсіресе шығыс асханасының дәмін татады. Бұқара, Хиуа, Андижан облыстары бір палаудың өзін әр түрлі жасайды. Біздің тарих тіпті Рим империясы мен Қытай тарихынан арыда, әлі әлемге толық танылмаған.
Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік байланыстың жыл санап артып келе жатқанын атап өтуге болады. Екі ел бірлесіп, «Астана-Шымкент-Жібек жолы» туристік бағытын қолға алмақшы. Елордамен қатар Алматы да бұл бағытқа енгізіледі. Демек, туристер Қазақ және Шығыс мәдениетімен қатар танысады. Қанатқақты жоба аясында әуе және темір жол қатынасы одан әрі жақсармақ.
Ерік Өтембаев, ҚР Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі: – Бүгінгі күні 72 сағаттық режим бар. Бұл Қытай туристеріне Астана мен Алматы әуежай қызметін пайдалануға мүмкіндік береді. Ташкенттегі әуе жолдары мекемесімен қанатқақты жоба аясында жұмыс істеу бойынша ортақ келісімге келдік. Бұл бірінші кезекте туристердің санын арттырады. Екіншіден, бұл жобаны келешекте басқа да мемлекеттермен жалғастыруды көздеп отырмыз. Оның жүзеге асуына Қазақстан қалаларында жасалған инфрақұрылым мүмкіндік береді.
Өзбекстан бұған дейін ТМД аумағындағы 9 мемлекетпен визасыз режим орнатқан болатын. Бүгінгі күні оған тағы 7 ел қосылды. Бұл туризммен қатар кәсіпкерліктің дамуына да септігін тигізбек. Қалай десек те оңтүстіктегі көршімізбен арадағы байырғы бауырмалдық қатынас жыл өткен сайын жақсарып келеді. Тауар айналымында өсім бар. Арадағы шекара байланысы да жүйеленген. Ал жаңа жүйе екі ел экономикасының одан әрі дамуына мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру