Әнші Димаш Құдайберген енді Қазақстан туризмін насихаттайды. Бүгін әншіге арнайы сертификат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде «Бақытты бала» байқауы ұйымдастырылып, әнші Димаш Құдайберген арнайы келді. Бүгін әнші арнайы өзі үшін келген фантоп жетекшілерімен кездесті. Кездесу кезінде «Қазақ туризм» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев Димаш Құдайбергенге Қазақстан туризмінің елшісі сертификатын табыс етті.
«Қазақстанда алғаш рет фантоптар үшін туристік маршрут ұйымдастырылды. Әнші өз концерттерінде жанкүйерлерін үнемі Отанына шақырып отырады. Маршрут да арнайы таңдалды. Димаш Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларын жиі айтып отырады. Сондықтан «Атамекен» ҰКП, Ақтөбе облысының әкімдігі, «Скат» әуе компаниясы мен үш қаланың туроператоры қолдады. Біздің ойымызша бұл турдың болашағы зор. Себебі, Димаштың аты күн сайын шарықтап келеді әрі фантоптар да көбеюде. Осы жолмен біз «Димаш» брендін дамыта аламыз»,- деді Рашид Күзембаев.
«Қазақ туризм» ҰК» АҚ-ы Димаш Құдайбергеннің Қытай мен Шығыс Азиядағы сұранысы мен танымалдылығы арқылы Қазақстанды танытуды мақсат етіп отыр.
«Бір жарым ай бұрын футболшы Месси Әлемдік туризм ұйымының елшісі атынды. Біз де біз Димаш Құдайбергенге Қазақстан туризмінің елшісі сертификатын ұсынамыз. Ол өз елінің патриоты», – деді Рашит Күзембаев.
Айта кетейік, Ақтөбеге әлемнің 10 елінен фантоп басшылары келді. Сонымен қатар, Қазақстандағы екі фантоп Ақтөбеде басқосты. Олар Димаш Құдайбергенмен кездесіп, ол білім алған мектепке, колледжге барады.
«Астана қаласын аралап, Димаш Құдайберген білім алған өнер академиясына барады. Сонымен қатар, фантоптар өзара кездеседі. Ал Алматыда Медеу, Шымбұлақты аралап, музейге барады. Әміре Қашаубаев, Дина Нұрпейісова, Әлібек Дінішевтің шығармаларымен танысады. Бұл алғашқы тур. Артықшылықтарымыз бен кемшіліктерді біліп, дамытамыз. Барлығы 7 күнге жоспарланған»,- деді Рашит Күзембаев.
Қазақстанда бірінші рет жеке адамға туристік маршрут жасалып отыр. Бұл тур таныстыру ретінде ұйымдастырылды. Ал келесіде фанаттар туртоптаманы өз қаржысына сатып алады.
«Бұл жолы кәсіпкерлер демеуші болды. Бірақ енді бәрі туроператорлармен реттеледі. Бұл сапарда қытайлық 20 фанат келуге өтініш білдірген. Бірақ оны біз кейінге шегердік»,- деді Р. Күзембаев.
Пікір қалдыру