Forbes.kz Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамытуға байланысты және саяхат мен сандар көрсеткішіне қатысты Еуразиялық Туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаевадансұхбат алды.
F: Қытай әлем бойынша саяхатшылар саны жағынан алдына ешкімді салмай келеді. Аспан асты елінің сыртқы туризміне қатысты деректер бар ма?
– Иә, қазіргі күні Қытай әлемдегі туризм нарығында жетекші мемлекет саналады. ҚХР Ұлттық туристік әкімшілігінің дерегі бойынша 2016 жылы сырт елдерге аттанған саяхатшылардың саны 122 млн адамды құраған. Ал 2017 жыл өзге елдерге қыдырып қайтқандардың саны 130.5 млн адамға жеткен, яғни бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7% артқанын көрсетіп отыр. Осылайша көрші Қытай елі сапар шегушілер жағынан әлем бойынша бірінші орынды иеленіп отыр.
F: Қазақстанға келгендер саны қанша? Жылдық көрсеткіш қандай?
– ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика жөніндегі Комитетінің мәліметінше 2016 жылы Қазақстанға 117 465, 2017 жылы 94 800 қытайлық турист келген. Жалпы, бүгінде Қытай саяхатшылары әлем туризмінің тренді саналады. Оларды тартуға талпынатын, қызығушылығын тудырғысы келетін мемлекеттер көп. Себебі, Қытай сырт елдерге шығатындар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып қана қомай, сапар барысында ең көп қаржы жұмсайтын туристердің санатына кіреді.
F: Қаржы көрсеткішіне қатысты деректер бар ма? Туристер жұмсайтын ақша көлемі қандай?
– Мәселен, China National Tourism Administration мәліметі бойынша1995 жылы Қытай тұрғындары шет мемлекеттерде жалпы $3,688,000,000 жұмсаса, 2000 жылы бұл көрсеткіш $14,169,000,000 дейін жетті және қаржы көлемі уақыт өткен сайын артып келеді. Егер, 2011 жылы туристер $72,585,000,000 шығындалса, 2013 жылы $128,576,000,000, ал 2017 жылы саяхатшылар есебінен жұмсалған ақша $115,300,000,000 құрады.
F: Қытай туристері әлем елдеріне саяхатқа шығуы үшін қандай виза дайындау керек?
– Қытайда біраз жылдан бері Approved Destination Status аталатын, яғни туристерді сыртқа шығару саясаты қалыптасқан. Қытайлық туристердің аталған мемлекеттерге саяхаттап баруына рұқсат беру және топпен саяхаттауға мүмкіндік жасау ADS-тің мақсаты болып табылады. Яғни, екі мемлекет арасында келісім жасалып, туристер тобының қозғалысы екі тараптан бірдей бақыланады. Екі жақтың талапқа толымды туристік операторлары өзара келісімшарт жасап, Қытай тарапынан туристерді жіберсе, Қазақстан тарапы сол туристерді қарсы алады.
F: Бұл құжат қандай мемлекеттермен бекітілген?
– ADS –келісімін Қытаймен ең алғаш болып 1983 жылы Гонконг пен Макао бекітті. Бүгінде оған қол қойған мемлекеттер саны 150-ге жетті. Қытайлық туристерді топпен қабылдауға стратегиялық жақтан дайын болмаған кейбір мемлекеттер көптеген проблемаларға тап болды. Ал бұл келісімнің шарттарын о бастан нақтылап алған елдер туристер тобын кіргізу жөніндегі ынтымақтастықтың нәтижесінде керемет табыстарға қол жеткізуде. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Жапонияны ADS-келісімі бойынша Қытаймен тығыз әрі табысты жұмыс істейтін мемлекеттер санатына қосуға болады. Осы екі ел 70%саяхатшылардың таңдауы болған Гонконг пен Макаодан кейінгі туристер ең көп баратын мемлекет болып саналады. Себебі, виза рәсімдеу барысы ыңғайлы, әуе қатынасы қолайлы, шопинг пен демалысқа үлкең мүмкіндіктер бар және мықты маркетингтік компаниялар жұмыс жасайды. Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Оңтүстік Кореяға 4 169 353 турист, Жапонияға 7 355 800 Қытай азаматы барып қайтқан.
F: Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саясаты қалай қалыптасуда?
– Қазақстан мен Қытай ADS келісіміне 2015 жылдың 14 желтоқсанында қол қойған болатын. Құжатқа сай Қазақстан мен Қытай тарапы туроператорлар тізімін белгілейді және осыдан кейін туристерге топтық виза беріледі, операторлар өз кезегінде саяхатшыларды қатаң түрде алдын ала берілген тізім бойынша кіргізіп, қайта шығарып салуы тиіс. Бірақ, кейінгі деректерге қарап Қазақстан көрші елдің туристерін қызықтыра алмағанын аңғаруға болады. 2014 жылы бізге Қытайдан 228 617 саяхатшы келсе, 2017 жылы 94 800 саяхатшы келген. 2016-2017 жылдары 3447 турист ADS келісімі бойынша топтық визамен келген. Бұл Қазақстан мен Қытай арасында жаппай және топтық туризмнің дамымағанын көрсетеді.
F: Қытай мен Қазақстан арасындағы ADS келісімінің мазмұнына қандай өзгерістер керек?
– Қазақстан бұл келісімді мақұлдағанымен, туристер тобын тарту жөнінде ауқымды шаралар ұйымдастырған жоқ. Нақты стратегия әзірленбеген, қазір біз тек ADS- келісімімен шектелудеміз. ADS мазмұнын әлі де толықтыру керек. Себебі, тек қытайлар ғана емес, қазақстандық туристер де Қытайға топпен және жеңілдетілген визамен кіре алатын дәрежеге жетуі тиіс. ҚР туризмін дамыту туралы 2023 жылға дейінгі тұжырымдамаға сай Қытай туристік нарығы маңызды мемлекет ретінде көрсетілген. Әлем елдері қазірде оларды өздеріне тартып жатыр. Егер бізде де туристер тобын ұйымдастыру жолға қойылса одан тек пайда келеді. Сондықтан топтық визаны электрондық жүйеге көшіру қазіргі заман талабы, әрі туристер үшін аса қолайлы. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдардың бақылауына ыңғайлы. Қытай технология жағынан өте дамыған елдер қатарында, елшілікке туристер өздері барып уақытын бөлгісі келмейді. Олардың Қазақстаннан басқа саяхаттап баратын елдері көп, қай елдің визасы қолайлы, сол елге саяхатқа жол тартады.
F: Қытай туристерін топпен кіргізу пайдалы екенін айттыңыз. Нақты несімен тиімді, кімдерге тиімді?
– Халықаралық зерттеулер бойынша Қытай туристері үшін ең бастысы саяхат емес, сатып алу болып табылады. Олар өздерінің уақыты мен ақшасының басым бөлігін саудаға арнайды, бұл сапар құнының 56% құрайды. Бұл дегеніміз сауда орталықтарына, компанияларға үлкен кіріс алып келеді. Мәселен, оларды киім-кешек, аяқ киім, әлемдік брендтердің аксессуарлары қызықтырады. Жуырда Астанада Еуропалық бағалармен Louis Vuitton сынды люкстік бренд сауда орталықтарын ашу жоспарланған. Оның үстіне қытайлықтар сан түрлі сувенирлерді сатып алғанды ұнатады. Әсіресе, Астанадағы «Хан Шатыр» сауда орталығындағы сувенирлер дүкені және эксклюзивті сыйлықтар саудаланатын «Талисман» салоны Қытай туристерінің ең көп баратын жері. Гидтердің айтуынша жуырда бір ғана қытайлық турист бірнеше миллион теңгенің саудасын жасаған. Сонымен қатар жергілікті азық-түлік өнімдеріне (шоколад, бал, ұн, жарма) сұраныс көп. Себебі, Қазақстанның өнімдері жасыл өнім болғандықтан, химиялық қоспалар қосылған Қытайдың азық-түліктерінен әлдеқайда жоғары бағаланады.
F: Қытай туристерін арадағы келісімге сай тарту тек пайда әкеледі делік. Қазір бұл үшін не кедергі? Біз дайынбыз ба?
– Қазақстандық туроепараторлар екі жылдан бері қиындықтарға тап болуда. Өйткені, 2017 жылы қытайлықтарға визалық қолдау көрсету ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінен ҚР ІІМ-нің көші-қон полициясына берілді. Бірақ, олар қызметкерлер мен тәжірибенің тапшылығына байланысты жаңа функцияларды орындауға дайын болмады. Бұл өз кезегінде туристер сапарына кері әсерін тигізді. Оның үстіне бізде Қытай тілін жетік меңгерген гидтер тапшы. Олар негізінен Астана мен Алматыда, басқа өңірде жоқ деуге болады. Көп жағдайда туристер тобына Қытайдан келген қазақтар қызмет көрсетеді, бірақ олар Қазақстан туралы толық әрі жан-жақты мәлімет бере алмайды, ал бұл қонақтарды қызықтырмауы мүмкін. Еуразиялық туризм қауымдастығы қазір осыған терең мән беруде. Сонымен қатар Қытайда Қазақстандық маркетинг жолға қойылмаған, сондықтан сұраныстың төмен болуы заңдылық. Жуырда ғана Қазақстан туризмінің Елшісі атанған Димаш қалыптасқан жағдайға оң әсерін тигізеді деген сенімдеміз. Алғашқы фан-тур ұйымдастырылып, елімізге «Димаштың Отаны» атты сапар жасалмақ.
F: Қытайлық туристерді қызықтыру үшін не істеу керек?
– Қытаймен туризмді дамыту үшін Қазақстанның өзіндік стратегиясы және өңірлердің қанша турист қабылдау мүмкіндігі бар екендігі туралы нақты жоспар болу керек. Маңыздысы ADS келісімінің мазмұнын екі жаққа бірдей тиімді етіп толықтырып, туристер үшін виза алуда қолайлылық жасау. Әр облыстар мен қалаларда мамандандырылған гидтерді көптеп дайындау, транферлердің жетіспеу мәселесін шешу, сауда үйлерін дайындап, WeChat Pay-ді қолдануға мүмкіндік беріп, маркетингті кеңейтіп, Қазақстанның өз брендін жасауды қолдау керек.
Пікір қалдыру